ЭКСПО-ға Тараздан этно-мәдени керуен келді

Астанаға 30 жүк тиелген түйе мен бота жетелеген өнерпаздар, 46 атты қыз-бозбала бастаған «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан Астанаға тарту» атты этно-мәдени керуен келді. Тарихи мекен Тараздан арайлы Астанаға 65 күн жүріп жеткен керуен жол бойы 10 бекетке аялдап, онда ұлтымыздың ұмыт болған салт-дәстүрін көрсетті. Керуенмен келген өнерпаздар мен спорт шеберлері 26-31 шілде күндері елордамызда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Жамбыл облысының мәдени күндерін өткізеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Астанадағы «Ғашықтар» саябағына келіп тоқтаған керуенді қарсы алуға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы келді. Керуенді бастап келген Жамбыл облысына қарасты 10 ауданның өнерпаздары «Әулиеатадан жыр шашу» атты концерт қойды.

«Бүгін 2000 жылдық тарихы бар қасиетті Әулие ата жерінен, жыр алыбы Жамбылдың елінен 1400 адам Астанаға келіп отыр. Этно-мәдени керуен 20 мамыр Тараз қаласынан жолға шығып Жамбыл облысының 6 ауданы мен Қарағанды облысының 4 ауданын басып, жол бойы мәдени шараларды өткізе отырып екі ай уақытта Астанаға жетті. Бұл біздің облыстың «Астана-2017» халықаралық көрмесіне ең үлкен тартуы. Керуеншілердің құрамында 200-ге тарта танымал өнерпаздарымыз келді», – деген өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев керуен тобының 1300 шақырым жолды басып келгенше аздап қиындықтарға тап болғанын айтты.

«Әрине, Астанаға ат, түйемен, арбамен ашық аспан астында жету оңайға соққан жоқ. Әсіресе, екі апта бұрынғы аптап ыстық кезінде температурасы 46-47 градусқа дейін көтерілген Мойынқұм даласынан өту өнерпаздарға да, малдарға да оңай болған жоқ. Бірақ сол қиындықтың бәрін жеңіп, бүгін сіздердің орталарыңызға жеттік», – деді облыс әкімі.

«Ғашықтар» саябағында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тараз – тарихтың алтын дiңгегi» атты көрмесі өтіп, сақ дәуірінен Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі 300-ден астам жәдігерді, тарихи инсталляцияларды, тиындарды, құмыраларды және тараздық қыл қалам шеберлерінің суреттерін жұртшылық назарына ұсынды.

Айта кетейік, Жамбыл облысының мәдени күндері аясында 29-30 шілде күндері бас қа­ладағы «Қазанат» ипподромында қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық ат спорты түрлері көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату ойындарының көрсетілімдері ұйымдастырылып халық назары­на ұсынылады. «Этноауыл» қа­ла­шығы маңында қазақ күресі, асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ, алаңдағы тоғызқұмалақ ойын­да­рының көрсетілімімен қатар құс­бе­гілік және тазы, төбет иттер көр­месі ұйымдастырылады. Ал, 30 шілдеде «Ғашықтар» саябағында «Жамбылым қандай тамаша!» атты Жамбыл облысы күн­де­рінің жабылуына арналған облыс өнерпаздары мен белгілі эстрада жұлдыздарының қатысуымен га­ла-концерт өтетін болады.

Фото : Абзал Қалиев

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>