Көрмеден көргенім де, көкейге түйгенім де көп

Бұған дейін көкейде «Қазақстан ЭКСПО халықаралық көрмесін қалай өткізеді?» деген бір ғана сұрақ тұрған. Сөз жоқ, әлемдік деңгейдегі шараның ашылу сән-салтанаты көпшілік күткеннен де жоғары болды. Сахнаға тәуелсіз еліміздің Туы көтерілгенде алпауыт мемлекеттердің басшылары орындарынан тік тұрып, құрмет көрсетті. Қазақстанның көк Байрағының алдында бас иді десек те артық емес. Бұл дүйім жұртшылықтың назары Астанаға ауған күн еді.
Алайда, арада ай өтіп, дүркіреп өткен ашылу салтанатының дүбірі басылғандай болғанда, бәзбіреулер ЭКСПО көрмесі туралы түрлі әңгімелер айта бастады. Соның бірі – көрмеге келушілердің саябырсығаны. Бірақ, бір нәрсені ашық айтуымыз керек, бұл сырттай тон пішіп, долбар жасағандардың пікірі. Ал Елордаға барып, ЭКСПО халықаралық көрмесін көзбен көріп тамашалағандардың ойы әп-сәтте өзгеретініне кәміл сенемін. Себебі, Астанаға арнайы барғанша, әр елдің павильонының алдында ұзын-сонар кезекке тұрғанша өзім де екіұдай ойда болғанмын. Біркүндік билет алып, мейлінше барлық мемлекеттің көрмелерін көруге тырыстым. Алайда, аумағына шағын қала сыйып кететін көрмені толықтай аралап шығу мүмкін емес екен.
ЭКСПО қалашығының аумағын айтқанда мына дерек еске түседі. Ұмытпасам, көрменің ашылу салтанатынан хабар таратқан «Хабар» арнасы халықаралық көрмені өткізу мәртебесіне ие болған күннен бастап санасақ, тура 1661 күн өткенін айтып қалды. Осы 1661 күнде расында ауқымды жұмыс атқарылғанын көзбен көріп, куә болдым. Қалашықтағы 100-ден аса сәулетті ғимаратты былай қойғанда Астана қаласында заманауи үлгідегі қос нысан, вокзал мен әуежай терминалы, пайдалануға берілді. Бірнеше жылдың ішінде көптеген ғимараттар бой көтеріп үлгеріпті. Астанаға алғаш келген кездегіден үлкен әсер алдым.
Көрмеге кіру билетін 3+1 жеңілдігімен алғанымызды айта кетейін. Яғни 3 билет алса, біреуі тегін екен. ЭКСПО көрмесін бірге тамашалауға барғандар осы жеңілдікті пайдаландық. Інілерім мен екі сіңлімді ала барғаным мұндай жақсы болар ма, тура сол күні Астана күніне орай онкүндік акция жүріп жатыр екен, 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерге билет тегін берілді. ЭКСПО қалашығына жақындаған кездегі солардың қуанышын көріп, бұл ісімнің бекер еместігін түсіндім.
Негізінен Еуропа елдерінің, бірқатар Азия мемлекеттерінің павильондарын аралап көрдім. Солардың ішінде Австрияның көрмеге ұсынған жобалары көңілімнен шықты. Бұл ел әрбір іс-қимылдың өзінен энергия алуға болатынын көрсеткен екен. Жапония, Қытай, Кореяның жобаларымен танысуға ұмтылғандардың қарасы қалың. Германия, Ресей елдерінің павильондарында да кезек көп. Ал ең үлкен кезек – «Нұр Әлем» шарының алдында. Келушілердің ешқайсысы алып шардың ішіндегіні көрмей, кеткісі келмейтінін байқадым.
Үш сағат дегенде біз де «Нұр Әлемнің» сегізінші қабатына көтеріліп, Астананы биіктен тамашалап тұрдық. Әр қабаттың әртүрлі атауы бар. Күн энергиясы, ғарыш, су, жел, биомасса, кинетикалық жəне механикалық энергия. Физикалық энергия қабатында болашақта тек табиғи жел, күн энергиясымен жүретін көліктер қойылған. Бұл жобалар жүзеге асса, келешегіміздің жарқын болатындығына көзіңіз жете түседі.

Камила Кеңес.

Тараз қаласы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>