Ақтау үшін қалың елдің үмітін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат
Қайрат Әбдікерімұлы Терлікбаевтың
сайлауалды бағдарламасы

1.Тәуелсіз мемлекет-іміздің Ата Заңында қоғамымыздың басты байлығы адам және оның денсаулығы деп нақты атап көрсетілген. «Елдің саулығы – мемлекеттің байлығы». Дені сау ұлттың ғана болашағы зор. Елбасымыз халық денсаулығын жақсартуға баса назар аударып келеді. Дегенмен, біздің өңірде медицина мамандары жетіспейтіні жиі айтылады. Қазір Құдайға шүкір, бұл салаға да баса назар аударылып, қызмет көрсету сапасы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Алайда, кей мамандықтарда тапшылық байқалып қалатыны жасырын емес. Осыны ескере отырып, мектеп бітіретін жас талапкерлердің тапшы мамандықтарға түрлі бюджеттер арқылы оқуға түсіп, елге оралып, өз туған жеріне қызмет еткені әрі патриотизмнің озық үлгісі, әрі маман тапшылығын жоюға жасалынған қадам болары анық. Айталық, аудандық бюджет есебінен оқуға түскен студент өз өңіріне оралса, одан ешкім де ұтылмайды. Елбасы атап айтқандай, «Туған жерге туын тігу» әр адамның азаматтық борышы деп білемін. Осыған орай, бұл мәселені баса назарға алсам деген ойым бар.
2. Еліміздің көк Туы екі жағдайда көкте желбіреп, Гимніміз асқақтай түсетіні баршамызға мәлім. Бірінші, Елбасы шетелге ресми сапармен шыққанда, екінші, спортшыларымыз әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында және халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекелерде атой салғанда Көк Байрағымыз биікке көтеріліп, мерейіміз тасиды. Облысымыз – саңлақ спортшылары Олимпиада ойындарынан сегіз медаль олжалаған қасиетті де киелі өңір. Алдағы уақытта да болашақ олимпиадашылар мен әлем чемпиондарына Жамбыл жеріндегі заманауи спорт кешендерінде жаттығып, машықтарын ұдайы жетілдіруіне қолайлы жағдайлар жасауға артықтық етпейді. Сіздер менің кандидатурамды қолдасаңыздар, мен өз кезегімде осы мәселемен түбегейлі шұғылданатын боламын.
3. «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деген қазақ халқы әрқашан пәк жүректі бүлдіршіннің ертеңін ойлаған. Осы орайда өңірімізде қазіргі заманғы үлгіге сай жарақтандырылған балабақшалар бой көтеруі үшін мақсатты жұмыстар жүргіземін.
4. Біздің қоғамда жемқорлық, жең ұшынан жалғасу деген бір дерт бар. Бүгінде еліміздегі жұмыссыздықты жою – халықтық партияның басты принципіне айналып отырғанда, осынау кеселмен күресу, халықты тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету – басты міндетім деп білемін. Егер Сенат депутаты болып сайланар болсам, осындай күрделі мәселемен нақты айналысатын боламын.
5. Өңірде мәдениет саласында шешімін күткен бірқатар мәселелер бар. Көптеген кітапханалар мен мәдениет ошақтары ыңғайластырылған мекемелерде орналасқан. Ауыл мәдениетінің артуы үшін осы мәселенің оң шешілуі жолында қолымыздан келгенінше бірлесе күш жұмылдырғанымыз абзал. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жас мамандарды мәдениет, білім салаларына, басқа да қажетті салаларға тартуға сеп болсам деймін. Осы бағытта арнайы жоба жасасам деген ойым бар.
6. Қазақ халқы қашанда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөздерді жиі ауызға алып жатады. Осыған байланысты ұстаздар қауымына қатысты күрделі мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етсем деймін.
7. Облысымыз – астықты өңір. Түгін тартсаң, майы шығатын жерден тиісінше мол өнім алып отырған ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің де өзекті мәселелерінің шешілуі құқықтық тұрғыда қамтамасыз етілуіне ықпал етсем деймін. Халық мемлекеттік деңгейдегі түрлі бағдарламалардың шарапатын көрсе, нұр үстіне нұр болар еді.
8. Елімізді «Нұрлы жолмен» жаңылмай бастап келе жатқан Елбасымыз әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан экономикалық дағдарысқа да қарамастан, халық мүддесін жоғары қойып, елімізді жаңғыртудың Үшінші кезеңінің міндеттерін нақты жүзеге асыруға кірісті. Бұл тұрғыда Ұлт жоспарын жасап, бекітті. Алдағы уақытта Сіздер мені қолдасаңыздар, алға қойылған осынау ұлы мақсат пен жеке өз бағдарламамның жүзеге асуы жолда барлық күш-жігерім мен мүмкіндіктерімді сарқа жұмсауға уәде беремін. Сөзімнің соңын: «Тер төгемін бір тынбастан күні-түн, ақтау үшін қалың елдің үмітін» деген өлең жолдарымен түйіндегенді жөн көріп отырмын. Сайлауға біркісідей қатысып, айрықша белсенділіктің үлгісін көрсететіндеріңізге бек сенімдімін!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>