Тәуелсіз еліме қызмет ету – парызым

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат МАХАМБЕТ АХМЕТҰЛЫ ДҮЙСЕМБАЕВТЫҢ
сайлауалды бағдарламасы

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болу маған қоғам алдында аса жауапты міндеттер жүктейтінін сезінемін. Алға қойған басты мақсатым – тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек ету, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына барынша үлес қосу. Мен артта қалған сан-салалы еңбек жолымда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сара саясатына үнемі қолдау көрсетіп, мемлекеттік реформалардың табысты іске асырылуына қызмет еттім.
Өңірдегі ынтымақ пен достық сынды байланыстарды нығайта түсу өте маңызды. Өйткені, өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық – барлық әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жетістіктеріміздің темірқазығы.
Егер жергілікті мәслихаттар депутаттары-таңдаушылар 2017 жылдың 28 маусымындағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сайлауында менің кандидатурамды қолдап дауыс берсе, алдағы уақытта менің халқымызға қолайлы жағдайлар туғызатын бірқатар заң жобаларын ұсынуды қолға алу ойымда бар. Өйткені, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты еліміздегі заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган.
Біріншіден, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өңірлерді дамытуға бағытталған экономикалық саясатының биік белесі Ұлт жоспары: «100 нақты қадам», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға бағытталған тапсырмаларын орындау және жергілікті өзін-өзі басқару саласына тың серпін беру үшін аса қажетті конституциялық заңдар мен заңнамалық актілерін шығаруға, болмаса оларға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге атсалысамын.
Екіншіден, елдігіміздің тірегі, ұлттық-рухани тәрбиенің отаны – ауыл екенін өте жақсы білемін. Өзім ауылда өстім, ауылдық жерде еңбек жолымды бастадым, Жамбыл ауданында әкім қызметін атқардым. Сондықтан, Парламент Сенатына депутат болып сайланған жағдайда ауылды өркендету мақсатындағы және ауыл кәсіпкерлігін жандандыруға бағытталған бастамаларға қолдау көрсетемін.
Үшіншіден, ел ертеңі жастар мәселесі менің басты назарымда болады. Жастардың білім мен ғылымға, өнер мен спортқа деген қызығушылығын арттырып, еңбек дәстүріне бейімдеу арқылы олардың ұлтжанды азамат болып өсуіне барынша ықпал ету қажет. Өйткені, жастар – ұлт болашағы, мемлекет келешегі.
Төртіншіден, елімізде, оның ішінде шалғай ауылдарда әлі де болса әлеуметтік көмекке зәру жандардың бары шындық. Осыған орай халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына мемлекеттік деңгейде беріліп келген көмек көлемі мен зейнетақы мөлшерін ұлғайту жолдарын зерделеп, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен тиісті орталық органдардың алдына мәселе көтеруді жөн санаймын.
Сонымен қатар Сенат отырыстарында республикалық бюджет мәселесі қаралғанда ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік салаларды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаулар көлемін ұлғайтуды басты назарда ұстаймын. Бұл арада өңірлерде әлі де орындар жетіспейтін балабақшалар мен апатты немесе үш ауысымда оқитын мектептер қатарын азайту мақсатында заманауи үлгідегі жаңа балабақшалар мен мектептер салу мәселесінің оң шешім табуына ықпал ету мәселесі алдыңғы қатарда тұр. Сондай-ақ, бүгінде әлем мойындаған қазақ спортын дамытуға, оның ішінде бұқаралық спорттың сипатын арттыруға, жастарымыздың саламатты өмір салтын жандарына серік ету мақсатында атқарылар ауқымды істердің басы-қасында болғым келеді. Егер мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сайлауында депутат болып сайлансам Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы талаптарын және «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруға бар күш-жігерімді, білімімді және өмірлік тәжірибемді жұмсаймын. Сенат депутаты ретінде өңірлердегі өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтеруді өзімнің азаматтық парызым деп есептеймін.
Мен облыстық мәслихаттың ІІ және VІ шақырылымдарының депутаты бола жүре, өз сайлаушыларымның өтініштері мен талап-тілектерін міндетті түрде орындауды мақсат тұттым. Менің алдағы мақсатым – тәуелсіз Қазақстанның ішкі және сыртқы саяси бағытын толықтай қолдай отырып, халқымыздың тұрмыс-жағдайын жақсартуға және егемен еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолындағы стратегиялық мақсатын жүзеге асыру саясатына барынша үлес қосу.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>