Ұлттың кемел келешегі

Кәдірбек САДУБАЕВ,
аудан әкімінің орынбасары.
Елбасымыз бұдан бұрын: «Қазақтың сана-сезiмi өткендегi, қазiргi және болашақтағы – тарихтың толқынында өзiнiң ұлттық «МЕН» дегiзерлiк қасиетiн түсiнуге тұңғыш рет ендi ғана мүмкiндiк алып отыр… Бiрақ бұл мүмкiндiк қана: ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактiге айналуы қажет» – деп жазған еді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы мүмкіндіктерді нақты істе қолдану жөнінде кеңірек тоқталған.
Біз бұған дейін біртұтас мемлекет ретінде биік мақсаттарға ұмтылып, көптеген белестерді бағындырған едік. Оңай болған жоқ, әрине. Бұл жолда қиындық та, қысылтаяң шақтар да кездесті. Бірақ Елбасымыздың қасына берік топтасып, алға қойған мақсаттарға жетуге тырысқан біз оның бәрін еңсере білдік. Өйткені мақсатымыз, барар бағытымыз айқын, оны әрқайсымыз жіті сезіндік, жанымызбен түсінген едік. Мемлекеттің мұраты орындалып келеді, алда қол жеткізуді межелеп отырған мақсаттар да аз емес. Ал ұлттың ұлы мұраты ше? Біздің ұлт ретінде алдымызда қандай мақсаттарымыз бар? Осы мақсаттар төңірегіне бізді берік ұйыстыра алатын ұлттық идея ше? Ұлттық идея, ұлттың ұлы мұратын айқындау ұлт зиялыларының міндеті дегенмен, оны мемлекет, қала берді Парламент пен Үкіметтің араласуынсыз анықтау мүмкін бе еді, өзі? Әрине, мүмкін емес. Мүмкін болса, ұлт зиялылары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ бізге ұғынықты ұлттық идеяны ұсынып, ұлы мұраттарымызды көрсетіп берер еді. Дегенмен, бұл олқылықтың орнын толтыруға, дәлірек айтқанда ұлтты рухани жаңғыртуға нақты бетбұрыс басталды және ол дер кезінде басталған бетбұрыс деп есептеймін.
Елбасымыздың мақаласында ұлтымыздың ұлы мұраттары, ұлт ретінде таяу уақытта жүзеге асыруы тиіс міндеттері айқын көрсетілген. Дана халқымызда «ораза, намаз тоқтықта» деген мағынасы терең сөз бар. Расында да қарны ашып, қадірі қашып жүрген адам ораза ұстап, намаз оқып жарытар ма еді? Аллаға бүкіл жан-жүрегі, сана-сезімімен беріліп құлшылық жасай ала ма? Демек, рухани істерді атқару үшін де белгілі бір деңгейде қарынның тоқтығы қажет болғаны. Әйтпесе, дана көз қариялар жоғарыдағыдай сөзді айтпас еді. Осы тұрғыдан келгенде біздің де мемлекетіміздің ырыс-берекесін молайтып, экономикалық дамуын тиісті деңгейде қамтамасыз етіп, осы бағыттағы нақты мақсат-міндеттерімізді орындап алғаннан кейін, ұлттың рухани жаңғыру мәселесін ортаға тастауымыз өте орынды көрінеді. Ендігі меже Елбасымыздың осы мақалада атап көрсеткен ұлттың ұлы мұраттарын жүзеге асыру, ұлт ретінде рухани жаңғыру.
Сөз жоқ, Елбасымыз айтқандай, біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып қалған, қанымызға сіңген, тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз қажет. Бұл – алғашқы қадам. Бұдан соң ұлттың бірегейлігін сақтап, білімімізді шыңдау міндеті тұр. Одан әрі таяу уақытта жүзеге асыруға тиіс міндеттерге кірісуіміз керек. Бірінші латын әліпбиіне көшу мәселелерін реттеп, «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз. Меніңше, бұл міндеттерді орындауға, табысты іске асыруға қажетті алғышарттар жеткілікті. Бұл мәселелермен белгілі бір қоғамдық ұйымдар мен ғылыми орталар тереңірек айналысатыны түсінікті. Ал ұлттық патриотизмді өрістетуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы жалпыхалықтық сипатқа ие болары сөзсіз. Осы бағдарлама аясында өлкетану жұмыстары жүргізіліп, экологияны жақсарту, елді мекендерді абаттандыруға баса көңіл бөлінеді, тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандар қалпына келтіріледі. Мұндай жұмыстардан жалпы ұлт тысқары қалмайды деп сенеміз.
Бұл бағдарламаның тағы бір ұтар жері – басқа аймаққа көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай оған қамқорлық жасағысы келетін кәсіпкерлерге, шенеуніктерге, зиялы қауым өкілдеріне қолдау көрсету. Олардың жарқын істерін көпшілікке үлгі қылу – ұлттық патриотизмнің ұшқынын үрлей түскенмен бірдей әрекет болар еді. Сонда «Туған жер» бағдарламасы, Елбасымыз айтқандай, жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналар еді.
Сондай-ақ, «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының да ұлтты рухани жаңғыртуда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Сондықтан да Елбасы осындай жоба құру жөнінде ұсыныс жасап отыр. Әлемде өркениетімен озған елдердің тұрмыс-тіршілігіне зер салсаңыз, олардың басқа тұрмақ ұлы тұлғаларының бір қонып кеткен жерін де айрықша қамқорлыққа алып, ерекше құрметтеп, қастерлейтініне көз жеткізер едіңіз. Былай қарағанда, кішкентай ғана іс сияқты. Бірақ ұлттың рухы үшін осы бір істің өзі үлкен қызмет атқарады. Осыдан ұлтымыздың үлкені де, кішісі де өз араларынан шыққан тұлғаларын құрметтеп үйренеді. Олардың бойында сол арқылы өз ұлтына, құндылықтарына деген шексіз сүйіспеншілік пен құрметтеу сезімі қатар өрбіп, дамиды. Бұл өзгелер қызыға да, қызғана да қарайтын қасиеттер ғой.
Сайып келгенде, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған жобалардың барлығы да ұлттың ұлы мұраттарына, мақсаттарына қызмет ететін, ұлттық идеологияны нығайтатын нақты міндеттер деп қабылдаймыз. Бұл жобалардың кешіктірілмей қолға алынуына әрбір азаматымыз мүдделілік танытса, өз үлестерін қосуға талпынса, біздің санамызда ұлт ретінде ортақ, киелі мақсаттарға ұмтылу сезімі қалыптасады. Біз біртұтас, қамалдай берік, сыртқы әсерлерге ұлттық иммунитеті жоғары халық болып ғұмыр кешуге осылай бағыт аламыз. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы ұсынған идеялар – ұлттың кемел келешегі! Осы келешекке, көздеген межеге жету – пешенемізге бұйырған бақыт болғай!
Талас ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>