Көрген де арманда, көрмеген де арманда

«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі әлем назарында

DSC_0251 DSC_0252 DSC_0289 DSC_0322 DSC_0351 DSC_0431Бүгінде екі адамның басы қосылса, Елорда төрінде өтіп жатқан халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесін сөз етпей қоймайды. Бірі елден естігенін, екіншісі көгілдір экраннан көргенін жарыса айтып, «Астанада қазір адам көп», «Көрменің ішінде бәрі бар дейді», «Шетелдіктер қаптап жүр екен», «Айтпақшы, анау үлкен «шардың» ішінде не бар екен, соны керемет деп жатыр ғой», деген сынды жорамал әңгімелер желдей есуде. Ал көрмені алғашқылардың бірі болып тамашалау бақыты бұйырғандардың ондағы таңғажайып көріністен алған әсерлері біраз уақытқа дейін тарқамасы анық. Тіпті, бір күннің ішінде әлемді аралап келгендей күй кешкен ЭКСПО көрерменін бұдан былай басқа нәрсеге таңғалдыру оңай болмайтын шығар. Сондықтан тарихтың алтын парағына жазылатын теңдессіз оқиғаны көрген де арманда, көрмеген де арманда.

Елімізде ЭКСПО көрмесі өтетіні туралы хабар жеткен жылы, шыны керек, қарапайым көпшілік оның не екенінен хабарсыз еді. Мән-мағынасын, тарихын түсіне бастағаннан кейін де көптеген күдікті ойлар туындап жатты. Бірақ Елбасы ЭКСПО-ның қақ ортасында қасқайып тұрып әлем мемлекеттерінің басшыларын қарсы алып, Туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалып, халықаралық көрме салтанатты түрде ашылған сәтте жүрегіміз қуаныштан жарылардай болып, кеудемізді айрықша мақтаныш сезімі кернеді емес пе? Міне, сол күннен бастап барлық сұрақтың жауабы табылғандай болып, күдіктің бәрі сетінеп кетті.

Сонымен, дүркіреп басталған шараның алғашқы аптасы қалай өтті? Күтілгендей, көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысуда. Кешен аумағына аяқ бассаң, әртүрлі нәсілді ұлттарды көзің шалады. Олар – павильон делегациясының өкілдері, туристер. Бірақ әзірге көрмеде шетелдіктерге қарағанда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өз жерлестеріміз басымырақ. Кешен аумағының үлкендігі соншалық, арғы-бергі басын аралағанша аяғың талады. Сондықтан павильондарды түгел аралап шығу үшін бір күн жеткіліксіз болатын сияқты. Егер көрмеге баруды жоспарлап қойсаңыз, ығы-жығы көпшіліктен ығыр болам деп қам жемеңіз. Себебі, қалашық аумағы кең болғандықтан, кептеліс жоқ. Қауіпсіздік шаралары халықаралық талапқа сай қамтамасыз етілген. Кіреберісте тәртіп сақшылары тізіліп тұр, олар әр келушіні жеке-жеке жіті тексеріп шығады. Бірақ ішке аяқ басқан сәтте, қақпалардан «қысылып» өткен күйден лезде арылып, қиял әлеміне еніп кеткендей боласыз. Белсенді волонтерлер ешкімді назардан тыс қалдырмай, қошуақ көңілмен «Қош келдіңіздер» деп күтіп алып, бір серпілтіп алады. Жылы жүзбен қарсы алып жүрген бұл жастар – қазақтың қонақжайлылығының айқын үлгісі. Айта кетерлігі, көрме қалашығына кірген алғашқы сәтте саяхатты қай жерінен бастасам деп абдырап қалуыңыз мүмкін. Алдымен ЭКСПО символына айналған – сфера пішіндес «Нұрлы әлем» нысанын бетке алуыңыз ықтимал. Алайда біз сапарды шетел павильондарынан бастауға кеңес береміз. Себебі, «сферадағы» таңғалдырар көріністерден алған әсеріңіз басқа павильондардың ерекшеліктері мен қызықтарына терең бойлап, сезінуге мұрша бермей тастамасына кепіл жоқ. Кешенді бір күнде түгел қамтып шығу қиын. Сондықтан бірінші кезекте өзіңіз көптен бері баруды армандап жүрген мемлекеттердің немесе айрықша қызығушылығыңыз бар елдердің павильондарын түгендеп шыққаныңыз абзал. Алайда барлық павильондардың безендірілуі бірінен-бірі асып, менмұндалап тұр. Кейбір елдер халықты барынша көбірек тарту үшін және өз мәдениеттерін таныту мақсатында павильон алдында концерттік бағдарламалар ұйымдастырыпты. Мәселен, Латын Америкасы павильонында әншісі көңілді ән шырқап, бишілері жиналған жұртқа би элементтерін үйретіп, шараны қыздыра түсті. Венгриялық ансамбль де айрықша есте қалды. Әртүрлі музыкалық аспаптарын көтере келген олар биді де билеп, аспапта да ойнап, әуелеген әнімен құлақ құрышын қандырды. Әсіресе, әнші қыздарының жүректі тебірентер әуезді дауысы шаршап-шалдыққан көпшілікті бір тынықтырып алғандай болды. Айтпақшы, олар қазақтың «Туған жер өзің дегенде» әнін орындап, жиналғандардың зор қошеметіне де бөленді.

Кез келген павильонда кіреберістен бастап бұрыш-бұрышта сол ел делегациясының өкілдері күлімдеп күтіп алып, елінің тыныс-тіршілігін, табиғатын, қандай энергия көздерімен қамтамасыз етілгенін, жаңа жобаларын таныстырып шығуда. Кейбір павильондарда бұл мақсатта арнайы шоулар, ойындар, жарыстар ұйымдастырылған. Ол үшін сандық, мультимедиялық, интерактивті технологиялар кеңінен пайдаланылыпты. Мәселен, Корея, Түркия, Малайзия, Германия, Қытай, Сербия елдерінің павильондарына кірсеңіз, құдды бір компьютердің ішіне тап болғандай сезімді бастан кешесіз. Ал Малайзия павильоны жасыл орманның ішіндегідей күй кештіреді. Құстың, судың, желдің дыбысы, аяқтың астындағы, қабырғалардағы, төбедегі 2Д форматтағы табиғат бейнелері әсерді күшейтіп, экзотикалық әлемді елестетеді. Онда Малайзияның оңтүстігінде орналасқан мангр тоғайларын 3Д форматта көру үшін кезекке тұрған қонақтардың қарасы көп. Жылына 5-6 метрге дейін жылжитын мангр ағаштары жер бетіне шығып жататын тамырларымен ерекшеленеді және мангр талы, олардың қарашірігі түрлі өндіріске қолданылады екен. Бұл ормандардың фаунасы да туристерді айрықша қызықтырады.
Ал Ресей павильоны фольклорлық шағын оркестрмен қарсы алды. Инновациялық технологиялармен жабдықталу жағынан ешбір мемлекет көрмесіне дес бермейтін бұл елдегі ерекшелік – Арктикадан жеткізілген айсберг. Бұл бөлме мұзды мұхит табиғаты стилінде жабдықталған. Мұзжарғыштар гүрілі, салқын ауа, мұздардың шытынаған дыбысы сынды арнайы құрылғылармен қамтамасыз етілген. 4 метрлік айсбергті контейнерге салып, арнайы тікұшақпен жеткізіпті және ол еріп кетпес үшін астына салқындатқыш құрылғылар орнатылған. Павильон ортасына мұз бөлшегін қоюдың пәлсапасы – солтүстік полюсте әлемнің мұнайы мен газ қорының 40 пайызының болуымен байланыстырылған. Айсберг айналасында Владивосток қаласы мен Арктика арасында қатынап жүрген мұзжарғыштар макеттері жасалған. Негізінен, аталмыш бағытта «Рос Атом» компаниясы жасап шығаратын мұзжарғыштар 40 күн ішінде 2,8 метрлік мұзды жарып, қатынай алады екен. Ресейліктер ЭКСПО-ға мұзжарғыштың «Лидер» деп аталатын, 4 метрлік мұзды жарып өтуге әлеуеті жететін жаңа деңгейдегі жобасын алып келіпті. Оның құрылысы шамамен 2 жыл ішінде басталады деп күтілуде.
Осындай жаңалықтар мен еліктірер ерекшеліктерді барлық павильондардан кездестіре аласыз. Жаңғыртылатын және баламалы энергия, энергиялық тиімділік пен дәстүрлі энергия, энергияны сақтау, энергияны үлестіру, табиғи энергетикалық ресурстарды қолдану мақсатында жүзеге асқан немесе жоспарланған жобаларын ұсынған мемлекеттер оны түсіндіру жолында түрлі әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдануда. Павильондарда арнайы кәдесыйлар бұрышы ұйымдастырылған. Ол жерден естелікке қолөнер бұйымдарын, жапсырмалар, әшекейлер сатып ала аласыз. Сонымен қатар ұлттық тағамдардан ауыз тиюге болады.
Шетелдік павильондарда шетелдік делегациялармен қатар, қазақстандық студенттер, магистранттар қызмет көрсетіп жүр. Олардың барлығы 3 тілді еркін меңгерген жастар. Сонымен қатар шетелдік жастардың да бірқатары орыс және қазақ тілдерінде еркін тілдесе алады. Мысалы, Қытайда тұратын дүнген жігіті Жұма Лью өзінің белсенділігімен айрықша көзге түсті. Ол қазақтармен еркін сұхбаттасып, павильонды жергілікті тілде таныстырып жүр.
Қытайдың 11 ең үздік жоғары оқу орнынан келген 42 волонтердің арасында қытайлық қазақтар да бар.
Қалашық аумағындағы Конгресс-орталықта ауқымды мәдени-көріністік шаралар, классикалық музыка фестивалі, тақырыптық форумдар мен эксклюзивті концерттер ұйымдастырылса, кешеннің басты ойын-сауық алаңы Амфитеатр сахнасы да мәдени шаралардан үзілмейді. Қазақ халқы тарихының көп қырлы, таңғалдырар, динамикалық көрінісі ретінде «Ұлы Дала» симфониясы шоуы өтті. Қойылымда Қазақстан дамуының негізгі кезеңдері, әлемнің мифологиялық жаратылысынан бастап, қазіргі күндерге дейін көрініс тапқан. Өзара сюжеттік желімен байланысқан жеке нөмірлерден құралған бірегей музыкалық-хореографиялық қойылым да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Жаңғырығы біраз жылдарға жететін ЭКСПО-ның елімізде өтуі мол мүмкіндіктерге жол ашары анық. Біз өз дәстүрлі құндылықтарын ұлықтай отырып, заманауи жаңалықтарды да жатсынбай қабылдайтын мемлекет ретінде әлемге танылып, экономикалық қарым-қатынастарымыздың шекарасын ұлғайта беретін боламыз.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Тараз – Астана – Тараз.

Суреттерді түсірген
Елена Ефимова.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>