Cапаға басты назар аударылуы керек

«Нұр Отан» партиясы облыстық және Тараз қалалық филиалдарының партиялық бақылау комиссиялары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қордан бөлінген қаржының мақсатты және тиімді жұмсалуын бақылау мақсатында Тараз қаласындағы «Салтанат» шағын ауданындағы 1000 оқушыға арналған №30 мектеп ғимаратының құрылыс жұмысына рейдтік тексеру ұйымдастырды.
Нысанға 1 305,9 миллион теңге қаралып, құрылыс басталған былтырғы жылы Ұлттық қордан бөлінген 918,7 миллион теңге және облыстық бюджеттен бөлінген 101,7 миллион теңге игеріліпті. Ал биыл Ұлттық қор мен жергілікті қазынадан бөлінген 285,5 миллион теңге игерілуі тиіс. Қазір мұнда 65 құрылысшы еңбек етуде.
Үш қабатты білім ошағының негізгі құрылысы аяқталған. Бұл істе мол тәжірибесі бар «АрайСтройМаркет – 2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары мектеп ғимаратын алдағы тамыз айында пайдалануға бермек. Партияның облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Дария Қожамжарова бастаған «нұротандықтар» көздің жауын алатын жаңа құрылысты аралап көрді. Мердігерлік мекеменің прорабы Евгений Зоткин мен учаске бастығы Әділхан Еділбаев сынып бөлмелері мен мәжіліс және спорт залдарын аралатып, атқарылған жұмыстардан жан-жақты хабардар етті. Жалпы, құрылыстың 90 пайызы аяқталған. Әрлеу, сырлау, әктеу және ауланы көгалдандыру сынды жұмыстар ғана қалыпты. Комиссия мүшелері асханадағы желдеткішті қаптау қажет екенін мердігер мекеме өкілдеріне ескертті. Сондай-ақ, баспалдақ жақтаулары өте төмен орнатылғанына да назар аударды. Баланың аты – бала. Ойнайды, жүгіреді, жаман айтпай жақсы жоқ, ертең бір оқушы төмен жақтаудан асып кетіп, құлап жатса оның зардабы үлкен болады. Дария Пернешқызы құрылыс жобасы жасалғанда асханаға орнатылатын желдеткішті қаптау және баспалдақ жақтауларын биік етіп орнату қарастырылмағанымен, мердігер мекеме өкілдеріне балалардың қауіпсіздігі үшін қалай болғанда да бұл кемшілікті жою қажет екенін алға тартып, спорт залының да талапқа сай болуына ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты. 351 орындық мәжіліс залындағы жұмыс негізінен аяқталып келеді. Бұл жұмысқа қатысты да комиссия мүшелері тарапынан бірлі-жарым сын-ескертпелер болды.
Комиссия мүшелері кейбір мектеп ғимараты пайдалануға берілген соң, шатырларынан су ағып, қабырға сылақтары жарылып жататынын еске салып, мердігер мекеме өкілдері мен тапсырыс беруші Тараз қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімінің мамандарына білім ошағы құрылысының сапасына баса назар аудару қажет екенін ескертті. Мектеп директоры да өзі басқаратын білім ошағының талапқа сай, сапалы салынуына мүдделі болуы тиіс деді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан тағы бір нысан – Айша бибі көшесіндегі жол өткелінің қайта жаңғырту жұмысын да «АрайСтройМаркет – 2003» ЖШС құрылысшылары жүргізуде. 1 828,079 миллион теңгенің ауқымды құрылыс нысанын жаңғырту былтыр қыркүйек айында басталыпты. Құрылыс жұмыстарын алдын ала жоспарланғандай, 23 ай ішінде емес, биылғы қазан айында-ақ аяқтап шығу межеленген. Құрылысшылардың бұл уәдеден шығатынына мүмкіндіктері мол сияқты. Оның үстіне мұнда күніне 400 адам жұмыс жасап жатқан көрінеді. Мердігер мекеменің бас инженері Алдияр Балмағанбетов стратегиялық маңызға ие нысанның құрылысына қолданып жатқан материалдардың барлығының да сертификаты бар, отандық өнімдер екенін жеткізді.
Комиссия мүшелері қандайда бір құрылыс нысаны болмасын, әсіресе, асты-үстінен көлік қозғалысы бір тынбайтын мынадай үлкен көпір құрылысын салуда аса үлкен жауапкершілік жүктелетінін тапсырыс беруші – Тараз қалалық әкімдігінің тұрғын жай, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ерлан Әбілдаев пен мердігер мекеменің басшыларының есіне салып, нысан құрылысының сапасына барынша назар аудару қажет екенін атап өтті.
Комиссия мүшелері, сондай-ақ, бұған дейінгі рейд барысында айтылған сын-ескертпелердің орындалуы жай-күйімен танысып, маңызды нысан құрылысымен айналысып жатқан құрылысшылардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Амангелді әбіл,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>