Тәжірибе алмасуды тапсырды

Оңтүстік Қазақстаннан келген меймандар Жамбылдағы жүйелі жұмыстарды жоғары бағалады

Әріптестік-іскерлік байланыстарды нығайту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған делегация Жамбыл өңіріне арнайы сапармен келді. Оңтүстік қазақстандықтарды шекарадан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев күтіп алды. Мұнан соң көршілес облыстың делегациясы Жуалы ауданындағы күн көзінен электр қуатын өндіретін «Бурное Солар-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келді.
150 гектар аумаққа орналасқан бұл күн электр стансасының қуаттылығы сағатына 50 мегаватты құрайды. Электр қуаты 192 мың дана күн панельдерінің көмегімен өндіріледі. Жобаның жалпы құны – 23,5 миллиард теңге. 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осы орайда облыс әкімі облысымызда баламалы энергия көздерінен алынатын қуат 114 мегаватқа жеткенін, алдағы уақытта мұны екі есе арттыруға мүмкіндік бар екенін, Жуалыда тағы 50 мегаваттық күннен қуат алатын кәсіпорын салынатынын айтты.

Жансейіт Қансейітұлы бастаған делегация мүшелері Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында орналасқан Айша бибі кесенесімен танысып, ХІ-ХІІ ғасырлардан сақталып келе жатқан тарихи жәдігердің ерекшелігіне көңіл аударды. Қонақтар облыстың бас имамы Данияр Жұмабаев оқыған құранға қол жайды. 

Бұдан соң екі облыс әкімі бастаған топ халықаралық «Әулиеата» әуежайында болды. Шымкенттіктер әуежайдың бірнеше залын аралап, жаңарған нысанның бүгінгі әлеуетін жоғары бағалады.
«Қазақ хандығына – 550 жыл» монументіне ат басын бұрған қонақтар Жәнібек пен Керейдің тас тұғырдағы бейнелері сәтті салынғанын айтып, тарихи ескерткіштің тағылымы зор екеніне мән берді.
Келесі сәтте қонақтар «Тараз-Арена» спорт кешенін аралады. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Оңтүстік Қазақстан облысының басшысына, делегация мүшелеріне аталған спорт кешенін өзі таныстырды. Футбол, волейбол, бассейн жаттығу залдары көздің жауын алып, жайнап тұр.
«Атлетик» спорт кешенінде де меймандар назарын аударған ерекшеліктер аз болмады. Ең бастысы, мұндағы құрылысқа тек сапалы материалдар қолданылған. Бокс, күрес, дзюдо, таэквондо секілді спорт түрлеріне арналған залдары талапқа сай жабдықталған. Асхана, футбол алаңы, үлкен залдағы құрылыстардың ерекшелігіне Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көңіл бөліп, өзіне еріп келген құрылыс фирмаларының директорларына жақсы жобаны үйренуді, тәжірибе алмасуды тапсырды. Аталған кешеннің директоры Манарбек Ағайдаров осындағы қонақ үйдің 38 бөлмесі бар екенін, бір мезгілде 80 қонақты еркін қабылдай алатынын айтты.
Бұдан соң көрші облыстан келген делегация «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Минералды тыңайтқыштар зауытының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, жоспарларын тыңдады. Экстракциялық фосфор қышқылы цехының қашықтықтан басқару орталығында зауыттың бас инженері Ермахан Түймеев өздерінің мүмкіншіліктері жөнінде, өнімнің 90 пайызы шетелге экспортталатыны туралы айтып берді. Осы тұста облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы бұл зауыт былтыр 148 мың тонна тыңайтқыш шығарса, биылғы бес айдың өзінде өнім көлемі 125 мың тоннаны құрап отырғанын сөз етті.
Көрші Оңтүстіктен келген делегация мүшелері Ежелгі Тараз тарихи-мәдени орталығында болып, бірнеше нысанмен танысты. Осындағы зәулім де сәулетті Достық үйі ғимаратының сәулетіне жоғары баға берді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мұнда Тараз қаласында салынуы жоспарланған №14, №15 ықшам аудандардың сызба-жобаларымен таныстырды. Осында қазба жұмыстары жүрген жерлерден 33 мыңнан астам көне ғасыр жәдігері табылғанын сөз етті. Сондай-ақ, қонақтар осындағы шолу мұнарасымен биікке көтеріліп, «Мыңбұлақ» нысанының әсемдігіне таңданды. Содан кейін ашық аспан астындағы музейде болып, ықылым заман қазыналарының өте көп табылғанына көздерін жеткізді. Осы тұста Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Мелдеханов «Шынымен де сіздердің ашық аспан астындағы мұражайларыңыз аса қымбат жәдігерлерге толы екен», – деп пікірін білдірді.
Мұнан соң қонақтар «Қарахан» кесенесінде болды.
Мәртебелі меймандар облысымызда биыл ашылған Руханият орталығына барып, «Ұлы дала дарабоздары», «Тәуелсіз Қазақстан» залдарын аралап көрді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Руханият орталығының естелік кітабына қолтаңбасын қалдырды.
Іссапар соңында Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Серікжан Сейітжанов тілшілермен жүздесіп, пікірін білдірді. Ол облысымызда жасалып жатқан игі істердің өте мол екенін көздерімен көргенін әңгімелеп, Қазақ хандығының 550 жылдығы тойы қарсаңында салынған ескерткіш, басқа ғимараттардың да тарихи тағылымы мол екеніне тоқталды.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>