Кемеңгермен кездескенде

Қазақ халқын бодандықтан құтқарып, елдікке, бірлікке жеткізу үшін атақты үш биіміз – Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер және Есім, Тәуке, Абылай, Әбілхайыр хандарымыз өз өмірлерін сарп етті. Еліміздің бүгінгі халге жетуіне сол бабаларымыздың әрқайсысы өз уақтысында, өз өңірінде зор үлес қосты. Мұны ұрпақтары мәңгі ұмытпауы керек.
Осы аттары аталған, сондай-ақ тағы басқа да туған халқының болашағы үшін күрескен барлық бабаларымыздың армандарын орындау үшін Алла тағала ХХ ғасырда тағы да бір маңдайы жарқырап туған бір қазақты дүниеге келтірген еді. Ол – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев дер едім. Димаш аға өзінің «Өтті дәурен осылай» атты кітабында жазғанындай, үш дәуірдің куәсі болған кісі. Капиталистік дәуірде дүниеге келіп, социалистік дәуірде оқып, білім алып, үлкен ғалымдық дәрежеге жетіп, Абай атамыз айтқандай, әкесінің ғана баласы емес, адамның баласы деген үлкен ардақты атқа ие болған дана мемлекет қайраткері.
Республикамызды басқаруға елу жылдай маңдай терін төгіп, халқының қамын ойлап жүрген кезінде өзінің жанындай жақсы көретін Қазақстанын бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі 15 республиканың ішіндегі ең алдыңғы қатарлы республика дәрежесіне жеткізді. Республика өнеркәсібінің өрге басып, кең-байтақ Қазақстанда атағы әлемге әйгілі алып құрылыстар салынып, еліміздің кез-келген түкпірінде көрікті қалалар мен көркейген ауылдар қанат жайды. Отан қоймасына сан миллиардтаған астық тапсырылып, халықтың қарыны тоқ, көйлегі көк болғанын екінің бірі біледі.
Димекеңнің тұсында Қазақстанның ғылымы, әдебиеті мен мәдениеті әлемдік деңгейге көтеріліп, қазақ әдебиетінің озық үлгілерін әлем халықтары оқыды, ән-күйлерін жер шарының әр түкпіріндегі халықтар тыңдап, тамсана қол соққанын ұмыта қоймаспыз. Қазақстанның бұл жетістігі, әрине, оны басқарып отырған кемеңгер басшының, жүздеген ұлт өкілдері мекендеп отырған республикамыздағы халықтардың ауызбірлігі мен ынтымағының арқасы емес пе?!
Өмір мектебінен шыңдалып, шыныққан Елбасымыз, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазіргі мына нарықтық экономика кезеңінде – ауыртпалық жүгі арқаға батып тұрған кезеңде халықты қиыншылық жағдайдан алып шығудың барлық мүмкіндіктерін іздестіріп жатқаны да елдің сенімін арқалап, ХХІ ғасырға нық қадам жасауымызға сенім ұялатады. Бәрін айт та бірін айт демекші, әңгіме нобайы есімі дүниенің төрт бұрышына әйгілі болған аяулы ағамыз Дінмұхамед Ахметұлы жайлы болғандықтан, ол кісінің адамгершілік қасиеті, кішіпейілділігі, бауырмалдығы жайлы жүрек түкпірінде қалған бір ғана мысалды көлденең тартайын. Жас кезімде қатты науқастанып, әкемнің апармаған жері, көрсетпеген дәрігері қалмады. Сол жылдары Абай атындағы опера және балет театрында әртіс болып істейтін Рахымбай Кәрімбаев деген ағамыз «Мен сенің денсаулығың жайлы Димекеңе бір ауыз өтініш айтып көрейінші!» – деп, мені үйіне ертіп барды. Ол кезде біз үлкен адамның сыртынан естігеніміз болмаса, танымайтынбыз. Ол кісі де бізді танымайды. Жексенбі күні, сағат он бірлердің шамасында мені ағайым ертіп алып, Димекеңнің үйіне қарай келдік. Ол кісі үйінен жаңа ғана шығып, шаңғы тебуге бара жатыр екен.
Рахымбай ағайды көре салып, бірден танып, сәлем беріп, «Қандай шаруамен жүрсіздер?» – деп жөн сұрады. Рекең келген бұйымтайымызды, менің денсаулығымның жағдайын айтып еді, білдей бір ел басқарудың тізгінін ұстап тұрған адам кішіпейілділік танытып шаңғысын шешіп, үйіне кіріп, үш-төрт жерге телефон шалып, бізге Барлыбаев деген кісінің адресін берді. Маған: «Сен, бала, қорықпа, ол кісі саған көмектеседі, әлі-ақ сақайып кетесің», – деп ағалық ақылын айтты. Ұзын сөздің қысқасы, содан 4-5 жыл бойы Димекең тапсырған дәрігердің бақылауымен емдеуде болып, айығып шығып, адам санатына қосылдым.
Мен – Димекең жақсылық жасаған мыңдаған адамдардың бірі ғана шығармын. Мұндай адамгершілікті қалай ұмытарсың? Және ол туралы неге айтпасқа! «Жақсыдан – шарапат» деген осы болар.
Дінмұхамед Ахметұлының республикамызда артта қалған аудандарымыздың экономикасы мен мәдениетін өркендету мәселесіндегі бір ғана мысалды тілге тиек етпекпін. Алматы облысының Балқаш ауданы Орталықтан үш жыл шақырым қашықтықта орналасқан. Сонау бір жылдары аудан экономикасы республикадағы ең төмен, жол жоқ, қатынас көліктері де тапшы еді. Тіпті аудан орталығы Бақанастың өзінде жөнді мектеп, Мәдениет үйі, тұрғын үйлер саусақпен санарлық болатын.
Димекең сәті түсіп сол елге бір барып, бәрін көзімен көріп, кейініректе арнайы үкімет қаулысын шығарып, ауданды қысқа мерзім ішінде республикадағы алдыңғы қатарлы аудандардың дәрежесіне жеткізді. Әсіресе асфальт жолдар Іле өзенінің екі жақ жағалауындағы елді мекендердің арасын жалғастырып отырып Балқаш көліне дейін барады. Ауданда күріш егумен айналысатын 6 күріш кеңшарын ұйымдастыруға нұсқау беріп, облыстың республика бойынша күрішке деген қажеттігін шешуге жағдай жасады.
Димекеңнің халқының болашағы үшін жасаған жақсы бір батыл қадамының бірі – «Медеу» бөгеті. Ғалымдармен ақылдаса отырып жасаған ерлікке пара-пар шешімдері мен оған өзінің тікелей басшылығы дер едік.
Алматы қаласының ежелден келе жатқан табиғи «жауы» – сел қаупі. Сол селден халық 1921 жылы қандай қасірет шеккені тарихтан белгілі. Табиғаттың бұл тарпаң мінезі бұдан кейін де біресе Талғар, біресе Қаскелең, біресе Есік көлдерінде асау аттай тулап, долданып, елдің есін шығарды.
Міне, дәл осы тұста Димекеңнің басшылығымен бүкіл Одақтық ғылыми мекемелер, ғалымдар бірнеше рет бас қосып, пікір алысып, әртүрлі пікірлер мен ұсыныстарды талқылай келе, ақыры «Махнадка» атты тәсілді қолдануға, яғни тауды екі жағынан бірдей бір-біріне қарама-қарсы қопарылыс жасау арқылы жасанды үлкен бөгет жасап, тасқынның жолын мәңгілікке бөгеп, тосқауылдың астынан, жанынан ғылымға негізделген құрылыстар жасап, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір болып өтетін сел қаупінің алдын алу, сөйтіп бір миллионнан астам халқы бар Алматы қаласын апаттан аман алып қалу жайлы сөз еткенде Димекең ғана КСРО Ғылым Академиясы Сібір бөлімшесінің директоры, академик Лаврентьевтің қолдауына сүйене отырып, басын бәйгеге тігіп, үлкен жауапкершілікті мойнына алған болатын. Оған өзім де куәмін.
Ақыры Димекеңнің шешімі дұрыс болды. Дүниежүзінің тарихында қарама-қарсы бағытталған жарылыспен тұңғыш алып бөгет жасалынды. Соны күтіп тұрғандай-ақ, дүлей сел лап беріп, жолай бөгетке тап болып, бұл жасанды бөгет бәріне төтеп берді. Димекең жеңді. Мұны қалай батылдық, батырлық деуге болмасын?! Соның арқасында қазір бүкіл алматылықтардың ұйқысы тыныш, Медеу шатқалдарында алаңсыз демалады. Мұны қалай ұмытуға болады.
Бүкіл саналы өмірін халқының игілігі мен болашағы үшін арнаған кемеңгер басшы Дінмұхамед Ахметұлы жайлы көптеген әңгімелер айтуға болар еді. Ол кісі туралы әлі де талай естеліктер, жыр-дастандар жазылатынына күмән жоқ.
Қазақта «Жақсы ісімен жасайды» деген мақал бар. Сондай іргелі ісімен өшпес із қалдырғандардың бірі, бірі емес, бірегейі осы Димекең дер едім.

Ізбасар БАЛТАҒҰЛҰЛЫ,
ардагер, белгілі қоғам қайраткері.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>