Әлеуметтік дүкендер…

Тұрғындардың әлеуетін арттыра ала ма?

Баға бақылауда, ең бастысы нан арзан… заман туралы сөз қозғаса, аға буын өкілдерінің айтатыны осы. Әр кезеңнің өз ерекшелігі бар. Бұрын импорттық тауарларды қолы жеткен алатын, қазір ондай тапшылық жоқ. Іздегеніңіз базарда да, дүкенде де самсап тұр. Қалтаңыздың қалыңдығына қарай таңдап жүріп, сатып аласыз.

Жаһандық сұраныс

9 11Осыдан он-он бес жыл бұрын тұрмыстық-техникалық заттар қат болатын. Ауылдағылар бір жылқысын сатса да теледидар немесе кір жуатын машина ала алмаушы еді. Ал қазір қылқұйрықтың құны қымбат. Шаруа баққан ауыл жұртшылығы ала жаздай қорыған егіннен алған өнімін азғантай қаржыға өткеретін. Бүгін ше? Ұнның да, ұн өнімдерінің де сатылымдағы бағалары кеткен шығын мен төккен терді өтеп тұр. Нарық заманының заңдылығы осы. Экологиялық таза, қоспасы аз ауылшаруашылығы өнімдері қымбат, соған қарамастан өтімді әрі сұранысқа ие. Сұраныс бар кезде, баға да өсе беретіні белгілі. Яғни, ала жаздай аптап ыстықта да дамыл таппаған шаруаның еңбегі жанады деген сөз. Бірақ, мұның екінші жағы да бар. Азық-түліктің қымбаттауы қарапайым тұрғындардың қалтасына едәуір салмақ түсіреді.
Елбасы үш жыл бұрын өз Жолдауында ауылшаруашылығы өніміне жаһандық сұраныстың артып келе жатқанына тоқталып, ауылшаруашылығы саласын жаңғыртуды тапсырды. Еліміздің әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауылшаруашылығы өндірісін арттыру үшін саланы қай бағытта дамыту қажеттігін де талдап берген. Ал әлеуметтік төлемдер көлемін біртіндеп арттыру арқылы тұрғындардың тұрмыс ахуалын жақсартуды міндеттеді.
Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс құрсауында. Мемлекет басшысы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтып өткендей, қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда. Осыған байланысты, елімізде республикалық бюджеттің кейбір параметрлеріне өзгерту енгізді. Әйтсе де, қандай қиын жағдайға қарамастан әлеуметтік төлемдердің мөлшері сол күйінде сақталып қалатын болды. Бір сөзбен айтқанда, Президент Үкіметке барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз етуді міндеттеп отыр.

Тарта жесең,
тай қалады

Жалпы, жаһанда ауылшаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс артқан сайын азық-түлік бағасы арзандамайтыны анық. Сонда жалақы жан бағуға жету үшін не істеу керек?
«Тарта жесең, тай қалады, қоя жесең қой қалады» дейді. Бүгінгі нарық заманының басты қағидаты осы. Үнемдеген қашан да ұтады. Бірақ, қымбатшылық қысып тұрған кезеңде қалай үнемдеуге болады?
Елбасы тапсырмасына сай өңірлерде азық-түлік бағасын қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорлары құрылғаны мәлім. Аталмыш қордың негізгі міндеті ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерден тауарларды делдалсыз сатып алып, өсімсіз сатылымға шығаруға негізделген. Бұл шаруа облыс орталықтарында ашылған әлеуметтік дүкендер және коммуналдық базарлар арқылы жүргізілуде. Ал аудандарда әлеуметтік қатарлар бар. Ақшаңызды үнемдеуді көздесеңіз, азық-түлік төмен бағамен сатылатын әлеуметтік дүкендердің қызметіне жүгінген жөн.

Әлеуметтік
дүкендер желісі

Тараз қаласында облыс әкімдігінің тұрақтандыру қоры 10 әлеуметтік дүкен және Жамбыл даңғылында орналасқан бір коммуналдық базар арқылы тұрғындарды төмендетілген бағамен азық-түліктермен қамтамасыз етуде. Бұл міндет Үкіметтің 2012 жылғы 9 қазандағы №1280 қаулысымен бекітілген азық-түлік өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидаларына сәйкес «Тараз сауда-саттық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Бір сөзбен айтқанда, аталған компания облыстық тұрақтандыру қорының операторы болып табылады. Компанияның меншігіне жататын сауда нүктелері мүмкіндігінше әр шағын ауданда ашылған. Барлық павильонда 33 түрлі тауар белгіленген бағамен сатылуда. Мәселен, жай дүкеннен бір килограмм шекерді 180 теңгеге сатып алсаңыз, әлеуметтік сауда нысанында 140 теңге жұмсайсыз. Сиыр және қой етінен де орта есеппен 400-500 теңге үнемдейсіз. Бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан бағасы – 40 теңге.
«Тараз сауда-саттық компаниясы» ЖШС әлеуметтік дүкендер желісінің жұмысын тиімді үйлестіру үшін Тараз қаласының салық органында тіркелген жеке кәсіпкермен келісімшарт жасасқан. «Келісімшарт бойынша кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар 33 түрлі тауарды Үкімет бекіткен шектік деңгейден аспайтын бағада сатуы тиіс. Қосымша табыс көзі ретінде коммерциялық бағамен басқа азық-түлік түрлерін де сата алады. Ал компания өз тарапынан кәсіпкердің сұранымына (заявка) қарай тауар тасымалдап тұрады», – дейді серіктестік директорының міндетін атқарушысы Еркін Бұланбаев.
Сатушылар өтімді азық – нан екенін айтады. Бірнеше әлеуметтік дүкенге бас сұғып көргенімізде бұған анық көз жеткіздік. Түске дейін сөреде нан қалмапты. «Күніне 40-50 бөлке нан әкеледі. Тез өтіп кетеді. Тұрғындардың сұранысына ие тауарлар күнделікті тасымалданады. Азық-түлік тапшылығы болмайды. Сатып алушылар тарапынан шағым түскен емес», – дейді «Ақ бұлақ»шағын ауданындағы әлеуметтік дүкеннің сатушысы Балжан.
Тұрғындардың да әлеуметтік дүкендердегі бағаға көңілі толады. Әсіресе, зейнеткерлер разы. «Осындай дүкеннің ашылғаны бізге жақсы болды. Тұз, шекер, май алып тұрамын. Зейнеткерлер арзанын іздейді емес пе? Өзім осы маңдағы үйлердің бірінде тұрамын. Сатушылар жылы сөйлеп, қарсы алады. Жаңа көрдің, мен келгенше тұзымды, шайымды салып дайындап қойғанын», – деді Евгения Сидорова сауда нүктесінде көрсетілетін қызметке қандай баға беретінін сұрағанымызда.
«Астана» шағын ауданының тұрғындары да сол маңда орналасқан әлеуметтік сауда нүктесінен керегін кедергісіз табатынын айтады. Ең бастысы, шектеу қойылмайды. Азық-түлік сатып аларда зейнеткерлік кітапшасын, болмаса тағы да басқа анықтама қағазын сұрап жатқан ешкім жоқ. Кез-келген сатып алушыға да есік ашық. «Біздің дүкеннен қаланың орталығында тұратын кейбір тұрғындар келіп, керегін алып кетіп жатады. Орталықта мұндай сауда орны жоқ болған соң, сөйтетін шығар», – дейді «астаналықтар».
Аталған шағын ауданның тұрғындарымен қатар, басқа жақтан келетін сатып алушыларға да өз қызметін ұсынып отырғанымен дүкенде тауар түрлерінің жетпей қалған кезі болмайды екен. Сатушы Мира: «Тауарлар күндегісі күнде тасымалданады. Аптасына бір мәрте қант пен ұн әкелінеді. Ертеңгі сағат 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін жұмыс істейміз. Баға басқа дүкендермен салыстырғанда арзандау болған соң тауарлар тез өтіп кетеді.Сатып алушылар жан-жақтан келеді. Бірақ, бәріне жетеді», – дейді.
Осы шағын ауданда тұратын журналист Дүйсенбек Айбек алғашқыда әлеуметтік дүкеннің жұмысын үйлестіру қиынға соққанын айтады. «Көпшілік біле бермейді. «Тауарды біреу жеткізіп беріп тұрады, арнайы бекітілген баға бар» деп ойлайды. Десе де, оның өз қиындығы болатынын көрдік. Бастапқы кезде сатушылар тұрақтамады. Есеп-қисабын дұрыс жүргізе алмаған соң сөйткен шығар. Қазіргі сатушылар Мира мен Әлияға жұрт дән риза. Олардың қызметі көптің көңілінен шығып тұр», – деді ол.

Орталықта он дүкен. аздық етпей ме?

«Астана» шағын ауданы тұрғындарының сөзі ойға қалдырды. Он үш шағын ауданы бар Тараз қаласы үшін он әлеуметтік дүкен аздық етпей ме?
Дерекке сүйенсек, Алматы секілді ірі мегаполисте 33 әлеуметтік дүкен және бір коммуналдық базар қызмет көрсетеді екен. Алматы қаласымен салыстырғанда Таразда жағдай көш ілгері. Бізде он павильонмен қатар, Жамбыл даңғылында орналасқан коммуналдық базар бар. Базар аптаның сейсенбісінен басқа (сейсенбі – санитарлық тазалық күні) күндері толық жұмыс істейді. Мұнда да азық-түлік қалалық базарларға қарағанда 10-15 пайызға арзан болуы тиіс. Өйткені, «Тараз сауда-саттық» компаниясы ұсынған бағалар тізбесі осындай. Бірақ, кейбір тауарлар сауда сөрелеріне жапсырылған тізбелерде көрсетілген бағадан қымбатқа сатылуда. Коммуналдық базарға арнайы барып, осыны білдік. Шамасы, көкөніс сататын саудагерлер компания өкілдерінің көзін ала беріп, өз қалтасының қалыңдығын ойлайтын секілді. Белгіленген коммуналдық бағадан ет павильонындағылар ғана асырмайды екен. Ондағылар сиыр мен қой етінің килограмын 1050 теңгеге сататынын айтты.
Мәліметке сүйенсек, бұрнағы жылы аталмыш базарда 1 141 401 600 теңгенің 2 531 640 тонна әлеуметтік маңызы бар тауарлары сатылыпты. Компания басшылары коммуналдық базарда сатушыларға орын беруде отандық өнімдерді өндірушілерге басымдық берілетінін, тіпті жылқы, сиыр, қой еттерінің сатылу көлемі бойынша басқа базарлардан көш ілгері тұрғанын айтады.Жалпы, базарға кіреберісте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытындағы коммуналдық базары деп жазылып көрсетілген. Сауда сөрелерінде негізгі баға көрсетілген тізбелер де жапсырылған. Рас, әлеуметтік дүкендердегідей үлкен плакатта емес. Бірақ, қол қойылып, мөр басылған.Бәлкім, бағада алшақтық болмауы үшін үлкенірек бильбордқа жазып қою керек шығар.
Егер азық-түлік тауарлары «Нұралы» базарынан 10-15 пайыз арзандау сатылса,бұл жерден сауда жасау орталық және осы маңға жақындау қоныстанған үйлердің тұрғындарына тиімді болатыны анық.Шағын аудандарда әлеуметтік дүкендер бар. Тек, шеткері орналасқан көшелердегі жұртшылық қана мұндай жеңілдіктен шет қалып отырғандай.
Бұл жағдай компания басшыларының да назарында екен. «Компания облыс орталығындағы Киров көшесі және темір жолдың арғы бетіндегі тұрғындарға қызмет көрсететін әлеуметтік дүкен ашуды ойластыруда. Алдағы уақытта әлеуметтік сауда нысандарының желісін 25-ке дейін көбейту жоспары қарастырылуда», – дейді cеріктестік менеджері.
Компания әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз етіп, бағаның өсіп кетпеуін бақылауда ұстағанымен, былайғы ішкі жұмыстарға араласпайтын көрінеді. Сатушылардың айлық жалақысы мен оларға төленетін әлеуметтік жарналардың көлемі жайлы сұрағанымызда олар бұл мәселеден бейхабар екендігін айтты. Әлеуметтік дүкендерге сатушыны жұмысқа келісім-шарт жасасқан кәсіпкер алады екен.
Жалақы демекші, әлеуметтік дүкендерде сатушылардың аса көп тұрақтамауының бір себебі осы мәселе болуы да мүмкін. Бірнеше сауда нүктесіне бас сұққанымызда сатушылардың айлық табыстарының басқа дүкендермен салыстырғанда төмендеу екенін білдік. Әрине, кішкентай павильондағы сауданың жайы мәлім әрі төмендеу бағамен сатылады. Сондықтан, күнделікті табыстан үстемеақы төленбесі анық. Әйтсе де, әлеуметтік сауда нысандарының жұмысын жандандыру үшін сатушылардың да әлеуметтік жай-күйін назардан тыс қалдырмау керек.

Аудандардағы ахуал

Компания өкілдері әлеуметтік сауда желісі тек облыс орталығында ғана бар дейді. Аудандарда бұқараға қолжетімді мұндай көмек түрі ұйымдастырылмаған екен. Десек те, аудан орталықтарына бара қалсаңыз, маңдайшасында «әлеуметтік дүкен» деп жазылып тұрған сауда нысанын көретініңіз анық. Бірақ, бір айырмашылығы мұнда қаладағыдай азық-түліктің 33 түрі төмен бағамен сатылмайды. Тек қана ұн және нан арзан.
«Біз аудандарды қолжетімді азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алмаймыз. Есесіне, бағаны тұрақтандыруға ықпал ету үшін облыстық ауылшаруашылығы басқармасы арқылы өз көмегімізді ұсына аламыз. Облыс әкімінің шешіміне байланысты әр ауданның қажеттілік нормасына сәйкес сол аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі кепілдеме хатпен ұсынған кәсіпкерге тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар тауарларды таратып отырады. Сөйтіп, азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді», – дейді аталмыш компанияның қызметкері.
Облыс әкімінің нұсқауы бойынша өңірдегі азық-түлік бағаларын реттеу үшін компания өндірушілерден 1200 тонна картоп, 800 тонна пияз, 320 тонна сәбіз, 200 тонна күріш, 3000 тонна бірінші сұрыпты ұн, 500 тонна қант, 350 тонна сүт өнімдері, 25 тонна сиыр еті және басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алыпты. Әлеуметтің әлеуетін көтеруді көздеген дүкендердегі бағаны тұрақтандыру жұмысы негізінен осылай өндірушілермен тікелей байланыс орнату арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Яғни, тауар арадағы делдалсыз тасымалданады. Соған сай бағасы да арзан. Сондықтан, ауыл тұрғындары да мұндай сауда нысандарының қызметінен бас тартпас еді деп ойлаймыз. Тек, мұндай жұмысты аудандарда үйлестірудің көптеген қиындықтары бар. Әр аудан басшысы мүдделі болса ғана орталықтан кемінде бір дүкен ашуға болатын шығар. Әрине, бұл – аудандардағы басшылардың жұмысы. Біздікі – ой тастау.

Тілші түйіні:

Тауар бағасының қолдан-қолға өткен сайын өсе түсетіні белгілі. Әркім өзінің бас пайдасын ойлауы заңдылық. Ал азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін не істеу керек?
Бұл мәселенің шешімі – әлеуметтік дүкендер. Делдалсыз арзан бағадағы азық-түлікті алу кім-кімнің де қолайына жағары анық. Сонда үнем де болады. Тұрғындар еңбекпен тапқан айлық жалақыларын жан баққанға ғана жұмсамайды. Бір сәт өзге де қажеттіліктерін өтеп, еңселерін тіктейді, тұрмыстарын түзейді. Сондықтан әлеуметтік дүкендердің санын арттырған жөн.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

One comment

  1. Сізге несие алу қажет немесе бизнесті дамыту үшін шұғыл қажет пе, осында Halifax өте төмен пайыздық ставка бойынша несие береді.
    Өтініш үшін бізге хабарласыңыз.

    БАЙЛАНЫС ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІ: Джорг Стэнфорд
    Halifaxloanofffice@usa.com

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>