Тараздың тарихын танытамыз десек…

Тараздың тарихын танытамыз десек…

Қолыма қалам алуға «Ақ жол» газетінде (26.12.2017) жарияланған жазушы, мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулеттің «Тараздың өткенін таразылап біттік пе?» деген танымдық мақаласы себепкер болып отыр. Автор соңғы жылдары әртүрлі тақырыптарға жазылған мақалаларымен республикалық және облыстық басылымдар арқылы тек жазушы, журналист қана емес, өлкетанушы ретінде де көрініп жүр. Шынында да М.Рысдәулет айтқандай, біздің өлкеміздің тарихы толық өз дәрежесінде зерттеліп бітпегенін байқаймыз. Көбінесе ілгеріде жарияланған мақалалар мен кітаптарға сілтеме жасап, тарих тұңғиығына терең бойламай, тың мәліметтер келтірмей «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» сырғып өте шығатын тарихшыларымыз бен археологтарымыздың Тараз шаһарының және оның төңірегіндегі ежелгі қалалар мен топырақ астында көміліп жатқан қалашықтар туралы жазған еңбектері көптің көңілін көншітпейді.

«Тараз – 2000 жылдан астам тарихы бар қазақтың көне қаласы» деп мақтансақ та, қазіргі тарихи және археологиялық зерттеу мүмкіншіліктерін толық пайдалана алмай, көпшілік алдында оны дәлелдейтін құнды тарихи жәдігерлермен анық көрсете алмай отырғанымыз өкінішті. Рас, арнайы осы іспен айналысатын мекемелер бар, солар арқылы біраз тарихи нысандар мемлекеттік қорғауға алынғанына куәгерміз. Қаламыздың негізі болған бұрынғы «көк базар» тұсы ығы-жығы сауда-саттық орнынан тазартылып, бірқатар жұмыстар жүзеге асқаны көңілге медеу. Кезінде көне Тараздың орнында қазба жұмыстарын жүргізген археологтардың жазбалары және жазушы, журналист, өлкетанушы Б.Әбілдаевтың жанкештілік ізденістері арқылы қаланың тарихын там-тұмдап біліп, шаһарымыздың 2000 жылдық тарихы бар екенін көпшілікке мойындатқанымыз да есте. Міне, содан бері біраз жылдар өте шықты. Құдайға шүкір, атқарылған істер жоқ деп айта алмаймыз. Енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан кейін елімізде қолдау тапқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес туризімді дамыту, ол арқылы елімізді әлемге әйгілеу мәселесі тұр. Соған сәйкес әр өңірдің сакралды тарихи орындарының картасы, туристер маршруты жасалуда.
Біздің облыс пен Тараз шаһары тарихи орындардан кенде емес. Ұлы Жібек жолы бойындағы Айша бибі, Бабаджа Хатун, Қарахан, Тектұрмас кесенелері, Ақыртас, Құлан, Баласұғын қалашықтары тек облыс тұрғындарының ғана емес, бүкіл Алаш жұртының мақтанышы, тарихымыздың інжу-маржандары деп атасақ қателеспейміз. Әлі қаншама төмпешік болып жатқан ескі қамалдар, бекіністер, қалашықтар мен қыстаулар ішкі сырын бүгіп, тым-тырыс зерттеушілерін күтіп, бұғып жатыр. Уақыт өте келе олар да зерттеліп, тарихымызды жаңа қырынан тануға мүмкіндік туары сөзсіз.
Тараз шаһарының ежелгі және жаңа тарихы да терең зерттелеріне бек сенімдіміз. Бірақ жерлесіміз жазушы М.Рысдуәлет айтқандай, қаламыздағы жоғары оқу орындарының бірінде «Таразтану» ғылыми-зерттеу орталығын ашқанымыз жөн болар еді. Онсыз тарихтың тереңіне бару қиынға соғады.
Тәубе, көне Тараз қаласын сырттан келген жиаһанкездерге, қонақтарға көрсетеміз дегеніміз дұрыс, бірақ бір өкініштісі, соңғы 100 жылдығымыздағы қаланың Әулиеата дәуірі көзден бұл-бұл ұшып барады. Бір кезде орталық саналған, бұрынғы «колхоз базары» маңындағы кварталдар, тарихи ғимараттар мемлекеттік қорғауға алынбай аяусыз сүріліп тасталып, олардың орнын еш архитектуралық сәні мен келбеті жоқ жаңа ғимараттар басуда. Келе-келе бұл кварталдар тіптен жоқ болып кету қаупі төніп тұр. Неге сол Пушкин, Бектұрғанов, Төле би, Герцен көшесіндегі аймақтарды қорыққа айналдырып, ондағы ескі ғимараттарды қаз қалпында сақтап қалуға күш салмасқа? Ертең сырттан келген туристерге «қаламыздың Әулиеата кезеңі осындай болған» деп сол жерлерді мақтанышпен көрсетсек несі артық? Мысалы, Пушкин мен Бектұрғанов көшесінің бойындағы ту сонау 1800 жылдары тұрғызылған қаламыздағы №1 дәріхана ғимараты, «Букинист» кітап дүкені, пошта үйі және де басқа үйлерді (Пушкин көшесі, 13 үй, Бектұрғанов көшесі, 3 және 5 үйлер және т.с.с.) сақтап қалуымызға не кедергі? Бұл күндері олардың біразы тоз-тоз болып, жауын мен қарға мүжіліп, құлау алдында тұр. Біразының орнына жаңа ғимараттар салынып кеткен. Сол аймақты «қаламыздың Әулиеата дәуірінің куәсі» ретінде көздің қарашығындай қорғасақ несі айып?
Әйтеуір қаржы табылып, А.Асқаров пен Абай көшелерінің қиылысындағы бұзылып кету алдында тұрған, дүниежүзі мойындаған ғалым-гельминтолог, академик К.Скрябиннің тұрған үйі күрделі жөндеуден өтіп, таяуда есігін қайта ашты. Бүгіндері халқымыздың мақтанышына айналған жазушы, академик М.Қаратаев, мемлекет қайраткері А.Асқаров, дәрігер, академик Ф.Измеров және де басқа белгілі тұлғалардың Таразда тұрған үйлері қайда және кім біледі? Оларға неге естелік-тақталар ілінбеген? Тіпті, көзден кеше ғана кеткен көрнекті ақын Жақсылық Сәтібеков, жазушылар Кәрім Баялиев, Мейірхан Қуанышбаев, Әлдихан Қалдыбаев, Арғынбай Бекбосын және өзге мықтыларымыз тұрған үйлерде неге еш белгі орнатылмаған? Уақыт келе барлығы ұмыт қалмай ма? Неге олардың рухын, еңбектерін қадірлеп, естелік-тақта орнатпаймыз? Ол үшін не керек? Қаржы жағын ойласақ, тіпті, ол сонша көп те емес қой. Ертең кеш болып, жайбасарлықтан, енжарлықтан естен шығып, әдеттегідей, «әттеген-ай» деп өкініп жүрмейікші, ағайын…
Тараз тарихы бөлек, ерекше сәулетімен тарихта қалған қазақтың көне шаһары. Соны қадірлеп, болашақ ұрпаққа өткен дәуірдің куәсі ретінде, сақталған қалпында жеткізсек деген үкілі үміт қой көкейді тесетіні.
Осы жолдарды жазып отырғанда Өзбекстандағы Самарқанд, Хива қалаларының ежелден сақталған тарихи кварталдары көз алдыма келді. Олар барын бағалап отыр. Бізде не деген сабырлылық… Барлығы бұзылып, жер сипап қалған уақытты күтіп жүрміз бе?
Сана төрінде атой салған асыл армандарымыздың орындалуына билік басындағы абзал жандар бейжай қарамай, білек сыбана іске кіріссе екен…

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор

Тараз қаласы

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>