Жамбылдық жас зергер -«Дарын» сыйлығының иегері

Жамбылдық жас зергер -«Дарын» сыйлығының иегері

Күні кеше ғана Астанада ҚР Үкіметі тағайындаған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өткені белгілі. Елбасы айтқандай, дарынды жастар – ол еліміздің болашағы және әлеуеті. Жастар мәселесі, саясаты, оларды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, жастардың әлеуетін ашу, талантын көрсетуге мүмкіншілік жасау әрқашанда Елбасы мен ел Үкіметінің назарында. Соның айғағындай, «Дарын» сыйлығы бұрын екі жылда бір рет беріліп келген болса, биылдан бастап жыл сайын берілетін болып ұйғарылды.
Жоғарыда аталған марапаттау салтанатында сыйлық бұл жолы жеңімпаздарға 10 аталым бойынша – әдебиет, ғылым, бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрадалық өнер, халық шығармашылығы салаларында үздік деп танылған жастарға табысталды. Барлық жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «2017 жылғы Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріліп, дипломмен, төсбелгімен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Олардың арасында «Дизайн және бейнелеу өнері» аталымы бойынша «Дарын» сыйлығының иегері атанған он саусағынан өнер тамған жамбылдық жас зергер, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің оқытушысы Берік Жұмағалиұлы Халиев те бар. Берік – Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының тумасы екен. 2013 жылы Алматыдағы өнер академиясын бітіргеннен кейін бір кездері өзі түлеп ұшқан Абай атындағы колледжде алғашқы ұстаздық жолын бастапты. Бүгінде осында білімгерлерге сәндік қолданбалы өнер бойынша дәріс беріп жүр. «Бұл жеңісім колледж бен академиядағы тәлімгерлерім Зере Мұқышқызының, Алмагүл Рахымжанқызының, Сержан Башировтың және Ерсұлтан Қырғызбайұлының ұстаздық еңбектерінің жемісі деп білемін», – дейді оның өзі.

«Ақ жол-Ақпарат».

About admin

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>